"Ынтымақ" алаңында орналасқан "Қазіргі заманғы киіз үй" декоративтік сәулет нысаны бұзақылар әрекетінен тағы да зардап шекті. Әткеншектің алты орындығының екеуі де сынған. Алайда заманауи сәулет нысанының сыртқы көрінісі қалпына келтіру жұмысына зәру. Бояуы оңып кеткен бағаналар мен ескірген еден жабындысы күрделі жөндеуді қажет етеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Естеріңізге сала кетейік, "Ынтымақ" алаңында шағын архитектуралық нысанды 2021 жылы Clover media Group компаниясы орнатқан болатын. Ақтау қаласын абаттандыру аясында іске қосқан жобаның құны шамамен 5 млн. теңгені құрады. Бұл бұзақылық әрекеті бірінші рет қайталанып тұрған жоқ.
Әткеншек алғаш орнатылған бойда 10 күннен кейін бұзылды.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, "Қазіргі заманғы киіз үй" шағын архитектуралық нысанын жөндеу жұмыстары облыс орталығын абаттандырумен айналысатын мердігер ұйым анықталғаннан кейін жүргізіледі. Ұйым жақын арада анықталады.